Талғар ауданында тағы да жантүршігерлік қылмыс: 20 жастағы жігіт көз жұмды

Алматы облысында полиция қызметкерлері 12 сәуірде Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған кісі өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желідегі мәліметте Талғар ауданында 20 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмғаны, оған оннан аса адам шабуыл жасағаны айтылады.

Полицияның редакцияға берген жауабына сүйенсек, жедел іздестіру іс-шаралары барысында 20 жастағы күдікті ұсталған.

"Бұдан бөлек, бұзақылық дерегі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, сот екі адамға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес шара қолданылды", - деді полиция.

Оқиғаға куәгерлер анықталып, олардан қылмыстық іс аясында жауап алынған.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Тараптардың дәлелдері мұқият тексеріледі. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деді полиция.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз