Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылында оқушылар 3 жылдан бері онлайн оқуға мәжбүр. Себебі мектеп бар, бірақ сабақ өтпейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, құрылысты 2019 жылы әкімдік қабылдап алған. О баста тапсырыс беруші де осы мемлекеттік мекеме 1,6 миллиард теңгеге келісім жасасқан бөлімнен телеарна тілшілері мәселенің ақ-қарасын ажыратып сұраған. Алайда тілшілер бас маман істің басы-қасында болмаған деген жауап алған. Әкім де, орынбасарлары да орнында болмаған.
2017 жылдың желтоқсанында басталған құрылыс араға екі жыл салып қолданысқа беріледі. Алғашында карантинге, кейіннен екі рет күрделі жөндеуге жабылып, оқушылар онлайн оқуға көшкен.
"Онлайн сабақты ата-аналардың бәрі қаламайды. Менің 2 ұлым бар, екеуі де онлайн оқиды. Онлайн сабақта баланың білімі өте төмен. Төмен емес, өте төмен", - деді Дәулет ауылының тұрғыны Салтанат Отарбаева.
"Немерем 1-сыныптан бастап онлайнда оқыды. Міне, қазір 3-сынып. Үш жыл болды жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Осы мектепке 1 миллиард 600 мың ақша бөлді, ол қайда кетті?" - деді Дәулет ауылының тұрғыны Әсем Атагелдиева.
2020 жылы қаңтарда-ақ жер астындағы судың деңгейі көтеріліп, мектептің қабырғасы мен едені отыра бастаған. Құрылысшылар негізгі себеп ғимарат шөгінді аумаққа тұрғандығын айтты. Еден кемі 60 см-ге шөккен, оны биіктету үшін әркім келіп 3 қабат цемент төсепті. Ал арматура мүлдем салынбаған. Ғимараттың алғашқы қабатын қайта бұзған жұмысшылар жалақыға жете алмай жүр.
"Бізге 1,5 миллион қарыз. 15 адам бір апта болды жұмысты тоқтаттық. "Ақшаны әне береміз, міне береміз" деп соза береді", - деді жалдамалы жұмысшы Ғабит Амиров.
Жұмысшылар мен құрылыстың жайына тікелей жауапты мамандар жауап беруден жалтарған. Ал оқушылар дәстүрлі форматқа тек сараптама нәтижесі шыққан соң ауыса алады.
"Құбыр тартылып, толығымен аяқталады. Осы айдың соңын күтіп отырмыз. Сол аяқталғаннан кейін балаларды офлайн оқыту мәселесін қарастырамыз", - деді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Айнакүл Үшкемпірова.
Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ғалымұрат Жүкелдің айтуынша, осы жұмысқа салғырт қарағаны үшін Алматы облысы әкімдігі тарапынан сәулет және құрылысты бақылау басқармасының басшысына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс прокурорына жұмысқа тікелей тексеру жүргізуді сұраған.
Мәселе жуық арада шешілмесе, тұрғындар тым құрығанда ескі мектепке қайтаруды сұрайды. Бірақ оның да бүтіні бөлініп, жартысы жарылған. Ал жөндеуі жөнге келмеген мектеп әлі де апатты жағдайда деп танылмай тұр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!