Талғар ауданына жаңа прокурор тағайындалды

Бүгін Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары Дамир Қатаев Талғар ауданының әкімдігінде Талғар ауданының прокуроры Ерлан Тағаевты таныстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерлан Алижанұлы Тағаев - прокурорлық қызметін Алматы облысының прокуратурасында бастап, кейін Карағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғастырған.

Талғар ауданы прокуроры болып тағайындалғанға дейін Курчатов қаласы, ШҚО түзеу мекемелерінде заңдылықтың сақталуын қадағалау жөніндегі арнайы прокуроры, Күршім ауданы, Аягөз, Абай және Жаңасемей аудандарының прокуроры қызметін атқарған.

Еске салайық, талғарлық жасөспірім Шерзат Болаттың өлімінен кейін өңірде бірқатар адам қызметінен кеткен болатын. Соның ішінде Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды.

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 18 қазандағы бұйрығымен Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов атқаратын лауазымдарынан босатылды.

Қылмыстық процесте заңдылықты қадағалау бойынша жұмыста елеулі кемшіліктердің болуы негіз болған.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!