Алматыда батальон командирінің орынбасары сарбаздың қазаcына байланысты сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қазасына қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды.
"2025 жылы 23 қыркүйекте жеке құрам қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, салдарынан оқ жарақатын алған қатардағы жауынгер қайтыс болды. Әскери прокурорлар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, дәлел жинақтауға бағытталған тергеу жүргізді. Тергеп-тексеру барысында батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптары сақталуын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ, алдыңғы атыстардан кейін қаруды толық тексеру жұмыстарын ұйымдастырмағаны анықталды. Салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қазасына себеп болды", - деп жазылған Бас әскери прокуратура хабарламасында.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова