Ішкі істер министрі Жетісу облысы полиция департаментінің бастығын қызметінен босатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Талдықорғанда болған кейінгі резонанстық оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ орталық аппараты қызмет басшыларынан құралған арнайы топпен Жетісу облысына барды.
Кездесуде ІІМ басшысы Жетісу облысының полиция басшыларына қатысты қабылданған шешімді айтты.
"Осылайша, облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды. Оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескертілді. Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабеков пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те өз қызметтерінен босатылды", - делінген хабарламада.
Жетісу облысы полиция департаменті бастығының міндетін енді полиция генерал-майоры Арман Саданов атқарады. Бұған дейін ол ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған полиция басқармасының басшысы әйел зорлады деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейінірек ол 2 айға қамауға алынды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!