- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талдықорғанда "Зайырлы мемлекет...
Талдықорғанда "Зайырлы мемлекет және дін қатынастары" тақырыбы талқыланды
Қазақстан - зайырлы мемлекет. Бұл ұғымды әркім әрқилы қабылдауы да мүмкін. Жақында осы тақырып аясында Талдықорғанда Алматы облысы дін істері басқармасы Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетімен бірлесе "Зайырлы мемлекет және дін қатынастары: өңіраралық тәжірибе алмасу" атты республикалық семинар-практикум өткізді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақстан-2050" стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында зайырлылық жайлы айрықша айта кеткен болатын.
- Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетімен біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады.
Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.
Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз, - деген еді.
Республикалық семинар-практикумның да мақсаты - мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыру, еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, зайырлылық қағидаттарды ілгерілету, діни ахуалды зерделеу саласында тәжірибе алмасу, конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету және дәстүрлі емес діни ағымдардың теріс идеяларының алдын алу болды, - деп хабарлайды Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.
Семинарға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Нұрмағамбетұлы Шойкин, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Сақбайұлы Арын, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы Әбдуәлиев, "Нұр-Мүбарак" Египет Ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің деканы, философия ғылымдарының PhD докторы Ықтияр Молдатөреұлы Палтөре, ҚР ҰҚК Академиясының терроризм және діни экстремизмге қарсы дайындық орталығының оқытушысы, дінтанушы Болат Шаймолданұлы Шоманов, облыстық дін істері басқармаларының басшылары мен орталық директорлары, ЖОО ректорлары, дін саласына жауапты мамандар қатысты.
- Біздің мемлекет көпұлтты елдер қатарына жатады. Сондықтан да мемлекетіміздің тұрақты дамуы үшін зайырлылық құрылымын сақтап қалу керек. Әрбір өңірдегі дінаралық келісімді сақтау, радикализмнің алдын алу, экстремзим жайында пікір алмасу, озық тәжірибемен бөлісу біз үшін қашан да маңызды, - деді Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Сақбайұлы Арын.
Жиын аясында Алматы облыстық дін істері басқармасының іс-шараларынан мағлұмат беретін сурет көрмесі ұйымдастырылып "Дін – бірліктің рухани тірегі" атты фильм көрсетілді. Кейін Алматы облысының Дін істері басқармасына қарасты "Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы" мен "Діни экстремизм құрбандарымен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының" жұмыстары таныстырылды.
О. Сансызбай