Талдықорған мен облыс орталығына іргелес аудандарды табиғи газбен қамтамасыз ететін QazaqGaz Aimaq компаниясы Талдықорғанда болған қайғылы оқиғадан кейін мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
31 желтоқсанда таңертең қаланың шетіндегі екі қабатты үйде жарылыс болып, салдарынан екінші қабат, қабырғалардың бір бөлігі және шатыры опырылды. Өрт 120 шаршы метр аумаққа тарады.
7 адамды түрлі жарақаттар мен күйік алды, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Зардап шеккендердің барлығы - бір отбасының мүшелері. Отбасының отағасы мен оның жұбайы ауруханада қайтыс болды.
"Таңғы сағат 7:25-те авариялық-диспетчерлік қызметке төтенше жағдай туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына QazaqGaz Aimaq АҚ Жетісу өндірістік филиалының бригадасы дереу шықты. Оқиға орнына келгеннен кейін біздің мамандар газ беруді тоқтатып, Жетісу ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті. Үйдің аумағын және оған іргелес аумақты тексеру барысында газ қызметінің қызметкерлері су құбыры мен кәріздің аралас коммуникацияларының құдықтарында газдану белгілерін анықтады. Газ кету көзін нақтылау үшін жеке орта қысымды жерасты газ құбырының осі бойымен, сондай-ақ QazaqGaz Aimaq АҚ пайдаланудағы төмен қысымды жерасты екі газ құбырын бұрғылау тексерісі жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Бұрғылау ұңғымаларынан алынған сынамалардан газдың жоғары концентрациясы анықталған.
"Қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес газ желілерін пайдалану және жөндеу қызметінің мамандары төмен қысымды жерасты газ құбырларының герметикалығын тексерді. Ресми тексеріс нәтижелері бойынша біз қызмет көрсететін газ желілерінде газ кетпеген және олар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр", - деп жазылған хабарламада.
QazaqGaz Aimaq АҚ Талдықорған қаласының және оған жақын орналасқан аудандардың тұрғындарын тергеу нәтижелерінің ресми қорытындысын күтуге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Жаңа жыл күні Талдықорғандағы тұрғын үйде жарылыс болғаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!