Талдықорғанда үш кәсіпкер 162 миллион теңгеге мемлекеттік мекемені алдап кеткен

Фото: видео кадры

Талдықорғанда "ПИК" қызметін автоматтандырудың бағдарламалық қамтамасыз етуін енгізуді іске асыру кезінде алдау жолымен ұрлық жасау дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.

ҚМА мәліметінше, үш ЖШС "Талдықорған қаласының ақпараттық-талдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен 162 миллион теңге сомасына "ПИ" қызметін автоматтандырудың бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін сатып алуға мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны анықталды.

"Бағдарлама басқару органдарының (ПИК) қызметін автоматтандыруға, басқарушы компаниялардың қызметін және қаланың тұрғын үй қорының жай-күйін бақылау бойынша әкімдіктің міндеттерін шешуге, сондай-ақ тұрғын үй қатынастарына қатысушылардың өзара іс-қимылына арналған. Алайда, олар жұмыс істемейтін бағдарламалық өнімді жеткізген, осылайша коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлерін алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған", - делінген хабарламада.

Соталды тергеп-тексеру барысында келтірілген 162 миллион теңге залал сомасы толық өтелді.

Сот үкімі бойынша, үш ЖШС басшылары кінәлі деп танылды, оларға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру мен орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу түріндегі жаза тағайындалған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан