Талдықорғанда өгей қызын зорлаған ер адам 20 жылға сотталды

Талдықорғанда өгей қызын зорлаған ер адам 20 жылға сотталды
Фото: Elements.envato.com

Талдықорғанда 13 жастағы өгей қызын зорлаған 49 жастағы ер адам 20 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласында бұл іс бойынша тергеу аяқталды. Полицейлер баланың өгей әкесі тарапынан бірнеше рет жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын анықтады. Бұл қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді және сот үкімін шығару кезінде ескерілді.

Деректі былтыр қарашада жәбірленуші қыздың мектеп мұғалімдері анықтаған. Бала әлеуметтік желідегі парақшасында өгей әкесі тарапынан жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерге байланысты суицид жасағысы келетіні туралы ақпарат жариялады. Кейін мұғалімдер қыздың анасын мектепке шақырды. Анасы полицияға ресми арызбен жүгінді.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, қамаққа алынды.

"49 жастағы ер адамның 2002 жылы Атырау облысында осындай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемесінде өтегені анықталды. Күдіктінің осы бап бойынша соттылығы туралы жұбайы білмеген. Тергеу барысында күдіктінің қызды бірнеше рет зорлағаны дәлелденді. Жыныстық зорлық-зомбылық баланың 8-9 жасынан басталғаны анықталды. Ер адам қылмыс жасағанын мойындады. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары айыптау қорытындысымен сотқа жіберілді", - деп хабарлады Жетісу облысы ПД Тергеу басқармасының басшысы Руслан Чарапиев.

Педофил бойынша істі Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарады, оның шешімімен айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталған адам жазасын төтенше қауiпсiздiк түзеу мекемесiнде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек