- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талдықорғанда мыңнан аса...
Талдықорғанда мыңнан аса пәтер заңсыз берілген
Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев қалад 1062 пәтер заңсыз берілгенін айтты. Оның ішінде 680 пәтерді халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар алса, тағы 383-і мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге берілген, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Әкімінің айтуынша, тексеру барысында көп балалы аналар өздерінің пәтері бола тұра мемлекеттен пәтер алғаны анықталды.
"2013 жылдан бері бөлу процесі тиісті тұрғын үй комиссиясының отырысын өткізбей, шешім шығармай, тек жалға беру шарттарын беру бойынша жүргізіліп келеді, бұл өз кезегінде Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына қайшы. Қазір комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, жарты жыл басқа да деректерді анықтап, заңсыз алынған пәтерлерді қайтарамыз", - деді Әсет Масабаев.
Әкім сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен "Отбасы банкіне" барлық заң бұзушылықтар бойынша кешенді тексеру жүргізу үшін тиісті хаттар жолданғанын айтты. Заңсыз алынған пәтерлер ондаған жылдар бойы баспана кезегінде тұрғандар арасында үлестіріледі.
Қазіргі уақытта заң бұзушылықпен берілген 37 пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Айта кетейік, Талдықорғанда 15 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұр.
Г. Досымшалова