Талдықорғанда Қала күні мерекесіне орай арнайы 80 келі тартатын тәтті торт әзірленді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мереке күні қала тұрғындары көптеген игі істердің куәсі болды. Қала күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар легі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған қонақтардың Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Мереке күніне орай қаланың тағам саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлері өздерінің үлестерін қосты. Атап айтқанда Қала күні мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы диаметрі 550 см болатын алып пицца мен 80 келі тартатын көлемді торт әзірленіп, қала тұрғындарына тарту етілді.
Сонымен қатар қаланың кәсіпорындары мен өндіріс ұжымдары өз өнімдерінен көрме ұйымдастырып, халықтың қызығушылығын оятты. Қаланың өнерлі жас бүлдіршіндерінің әзірлеген концерттік бағдарламасы жиылғандардың көңілдерінен шығып, ықыласына бөленді.
Мерекелік шаралар Талдықорған қаласының орталық стадионында жалғасты. Осы күні стадион да жұртшылыққа толы болды. Шараны облыс әкімі Амандық Баталов ашып, талдықорғандықтарды мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік шара қаланың үздік өнер ұжымдарының әзірлеген гала концертімен жалғасты.
Қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар кешқұрым Қазақстан эстрадасы әншілерінің қатысуымен өтетін қала жастарына арналған би кешімен және мерекелік отшашумен өз межесіне жетеді.
Дереккөз: nur.kz