Талдықорғанда жоғалып кеткен 7 жасар бала өлі табылды

Талдықорғанда із-түссіз жоғалған 7 жасар баланы іздеу жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірдің Полиция департаменті мәліметінше, 26 мамырда таңғы сағат 05:00 шамасында Қаратал өзенінде жүргізілген ауқымды іздестіру жұмыстары барысында хабар-ошарсыз кеткен кәмелетке толмаған бала өлі табылған.

"Алдын ала мәлімет бойынша зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеріс жүргізіп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, кеше қалада баланы іздеу жұмыстары ұйымдастырылған болатын. Баланың даму ерекшелігі бар екені де айтылды. Оның жоғалғаны туралы хабарлама полицияға сағат 19:50-де түскен. Ол кешке үйінен шығып кетіп, оралмаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!