Талдықорғанда ерлі-зайыпты ұсталды: олар жасырын есірткі қоюмен айналысты деген күдікке ілінді

Талдықорғанда синтетика таратумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олар - Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны мен Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны.

Тергеу мәліметіне сәйкес күдіктілер мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып жүрген. Жеке тінту және тергеу әрекеттері барысында олардан ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар, сондай-ақ, есірткіні өлшеп-орауға, таратуға арналған заттар тәркіленген.

Сонымен қатар, Талдықорған қаласында уақытша тұрып жатқан мекенжайларында жүргізілген тінту кезінде қосымша есірткі, олар заңсыз қызметпен айналысқанын дәлелдейтін құрал-жабдықтар анықталған.

"Тергеу нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір соталды тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр", - деді полиция.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!