Жетісу полициясы 53 жастағы әйелді зорлаған күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Портал мәліметінше, Жетісу полицейлері Талдықорған қаласындағы қонақүйлердің бірінің 53 жастағы қызметкерін зорлады деген күдікпен іздеуде жүрген, бұрын сотталған ер адамды ұстады. Күдікті Алматы қаласында ұсталып, қамауға алынды. Жәбірленушінің арызы 28 қазанда қалалық полицияға түскен екен.
Жергілікті қонақүйде жұмыс істейтін 53 жастағы әйелді қонақүй бөлмесінің бірінде тұрған белгісіз адам зорлап кеткен. Оқиға орнынан қашып кеткен ер адам Алакөл ауданының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкерлері ер адамның жеке басын қонақүйде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықтады.
"Күдікті бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылып, жазасын түзеу мекемелерінде өтеген. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының аумағында жасырынып, іздеуде жүрген ер адамның мекенжайы анықталды. Қазіргі уақытта күдікті Талдықорған қаласына жеткізіліп, қамауға алынды", - деді қалалық полиция өкілдері.
Тергеу ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы ("Зорлау") және 121-бабы ("Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") бойынша жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында ұсталған күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!