Талдықорғанда есірткі сату арнасы әшкереленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жетісу облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған жедел іздестіру шараларын жүргізді.
Операция барысында Еркін ауылында есірткіні заңсыз сақтады және сатты деген күдікпен Талдықорған қаласының 62 жастағы тұрғыны ұсталды.
"Тінту кезінде оның тұрғылықты мекенжайынан жасыл түсті, өзіне тән иісі бар өсімдік тектес зат салынған алты полиэтилен пакет анықталды. Сонымен қатар, үй ауласындағы сарайдан скотчпен оралған үлкен қара пакет табылды. Оның ішінде жалпы салмағы 5 келіден асатын, өзіне тән иісі бар гашиш (алдын ала болжам бойынша - еск.) анықталды. Қазір бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктіге сот шешімімен денсаулық жағдайына байланысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деді полиция.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз