"Алаш" партиясының, "Алаш орда" үкіметінің 100 жылдығына орай биыл елімізде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі - 20 мамыр күні Талдықорған қаласында өтеді. Алаш қайраткерлерінің рухына арналып ас беріліп, аламан бәйге ұйымдастырылмақ. Бүгін осыған орай баспасөз мәслихаты өтті.
1917 жыл қазақ қоғамында аса күрделі саяси әлеуметтік жағдайды қазақ халқы басынан кешірген жыл. Міне осындай жағдайда қозғалыстың басында ұлтымыздың қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жалел Досмұхамедов сияқты алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары болды. Олар өздерінің білім деңгейі мен саяси белсенділігі, ұлтшылдық қуаты мен халықшыл қасиеті, рухани парасаттылығы мен азаматтық пайымдылығы жағынан Қазақстандағы кеңес өкіметін құрушылардан әлдеқайда алда болды. Олар Ұлттық автономия жариялаудан басқа жол жоқ, саяси тұрақсыздық жағдайында тек біртұтас ұлттық мемлекеттік құрылым ғана қазақ елін азаптан құтқарып, бостандық жолына алып-шығамыз деген тұжырымға келді. Осы кезеңде Ә.Бөкейханов бастаған бүкіл алаш зиялылары жиналып, Алаш партиясын құрған болатын.
20 мамыр күні Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына орай Алматы облысы, Талдықорған қаласында аламан бәйге өтеді. Бәйгеге арнайы сый-сыйапаттар мен арнайы кубок әзірленген. Бүгін осы бәйгені ұйымдастырушы, Алматы облысы бойынша ұлттық спорт түрлерінің жанашыры, жергілікті кәсіпкер Бауыржан Барлыбаев тілшілермен кездесіп, аламан туралы айтты.
- Алаш арыстарына арнап республикалық деңгейде бәйге ұйымдастыру жыл басынан бері жадымызда жүрген ой еді. Соның сәті мамыр айына түсіпті. Ұлтына жанашыр жандардың демеуші болуымен аламан бәйгені ұйымдастырып жатырмыз. Аламан болып қана қоймай, ас беріледі. Ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар қойылады. Көкпар да өтеді. Қатысушылар бәйгеге аттарын жарнасыз қосады. Себебі біз бұл бәйгені қаржылық мақсатта ұйымдастырып жатқан жоқпыз. Атқа мінген Алаш жұрты ат салысып, аламанға өз тұлпарларын қоспақ, - деді.