- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талдықорғанда 6 жастағы...
Талдықорғанда 6 жастағы қызға азғындық жасамақ болған ер адам табылмай жатыр
Талдықорғанда 6 жастағы қызға азғындық жасамақ болған ер адам куәгерлердің көзіне түсіп қалған, алайда артынша оқиға орнынан қашып кеткен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Талдықорғанды дүр сілкіндірген оқиға демалыс күні 9-шағынауданда болған. Тұрғындардың айтуынша, ер адам кішкентай қызды ойын алаңында ойнап жүрген жерінен алдап, 21-үйдің 2-қабатындағы дәлізге апарған. Телеарна мәліметінше, қыздың киімін шешуге әрекет етіп жатқанда сырттан біреу кіріп қалған. Арам ойы іске аспаған ер адам бірден қаша жөнелген.
"Менің танысымның қызы екен. Ол жуас. Ойын алаңында бір сағат қарап жүрген, дәлізге әкелген, сырттан біреу кірген соң, ана кісі сыртқа қашып кетіпті. Бала шошынып қалған", – деді қала тұрғыны Дана Омарова.
Үрейленіп қалған ата-аналар балаларын үйден шығармай отырғанын айтты. Ал полиция күдіктіні екі күннен бері әлі таппай жатыр. Тұрғын үйдің кіреберісінде бейнекамера бар, бірақ ол жұмыс істемейтін болып шықты.
"Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды. Күдіктіні іздеуге жеке құрам түгел жұмылдырылды. Тыныштық сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Жағдай полиция департаментінің бақылауында", – деді Жетісу облысының ПД баспасөз қызметі өкілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова