Талдықорған полиция басқармасының бұрынғы басшысы Марат Күштібаев сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жетісу облысының Талдықорған қалалық сотында Марат Күштібаевқа қатысты адамның қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасағаны үшін айыптау бойынша қылмыстық іс қаралды.
"Тағылған айыптарға сәйкес, 2023 жылғы 12 қарашада Күштібаев Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы қызметін атқарып жүргенде полиция басқармасының ғимаратында, атап айтқанда, өзінің қызметтік кабинетінде зорлау, яғни қызметтік міндеттерін орындау кезінде жәбірленушіге зорлық-зомбылық қолдану арқылы жыныстық қатынас жасаған. Істің мән-жайлары заңға сәйкес жарияланбайтындықтан, іс жабық сот отырысында қаралды", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осы баптың санкциясы 9 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот үкімімен Күштібаев ҚК-ның 120-бабы 2-тармағының 5) тармақшасы бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
ҚК-ның 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Күштібаев "полиция полковнигі" арнайы атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!