Талдықорған маңынан сақ дәуірінің алтын әшекейлері табылды

Талдықорған маңындағы қорғандардың бірінен археологтар алтын сырғалар, сүйек пен қоладан жасалған жебе ұштары және қамшының бір бөлігін тапты. Мамандар бұл жәдігерлердің сақ дәуіріне тиесілі екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Қорған өзіндік ерекше құрылысымен ерекшеленеді. Зерттеушілердің пайымынша, мұнда ақсүйектер жерленген. Алайда қорған көне заманда бірнеше рет тоналған.

Кейінгі үш жылда Жетісу облысында археологтар ондаған қорғанды зерттеді. Табылған жәдігерлердің арасында аң стилінде жасалған әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар және ежелгі мәдениеттен сыр шертетін өзге де заттар бар.

Тарихи және мәдени құндылығы бар барлық жәдігер облыстық музейдің қорына өткізіледі. Кейін олар көпшілік назарына ұсынылмақ.

"Үш айға созылған зерттеу барысында бұған дейін белгісіз болып келген көптеген тарихи дерек анықталды. Қорған толық зерттеліп, жерлеу орны туралы жан-жақты мәлімет алынды. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша монография жазылды", – деді "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы Хамит Айтқұл.

"Келесі жылы екі қорғанға қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осы аумақтағы тарихи ескерткіштердің санын анықтап, олардың қорғау аймақтарын белгілеу және қажет құжаттарды әзірлеу үшін зерттеу жұмыстарын жүргіземіз", – деді Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз