- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талдықорған қаласында Абайға...
Талдықорған қаласында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ - Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоғын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келіп отыр. Бүгінде ұлы Абайдың кесенесі - еліміздегі ең танымал нысанның бірі. Алайда, Талдықорған облысында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ. Бұл - ұят нәрсе, үлкен олқылық. Оны түзету керек.
Алтынемелде қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлихановтың мәңгілік мекені бар екені барша жұртқа белгілі. Шаңқанай ауылында оның ескерткіші, мұражайы бар. Жергілікті жұрт қазақтың ұлы перзенті жерленген жерді қараусыз қалдырмаған. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Біз Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеуіміз керек. Жалпы, біз ұлы перзенттерімізді құрметтей білуіміз керек. Мұндай тарихи орындар туралы үнемі айтып, ұрпаққа таныстырып отыру қажет", - деді Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесуде.
Тоқаев осы тақырыптан туындайтын тағы бір мәселе барын атап өтті.
"Ел тарихында ерекше орын алатын көптеген тұлғаларымыз шетелде жерленген. Ұлтымыздың ұлы перзенттері әл-Фараби және Бейбарыс сұлтан Сирияның Шам шаһарында жатыр. Қазақтың әйгілі үш биінің екеуі - Төле би мен Әйтеке бидің зираты - Өзбекстанда. Құрманғазы мен Бөкей ханның кесенесі Ресей жерінде. Жат жерден топырақ бұйырған басқа да көптеген тарихи тұлғаларымыз бар.
Әрине, олардың бәрінің сүйегін елге алып келу мүмкін емес. Ондай мақсат та жоқ. Бірақ, тағдырдың жазуымен жат жерде қалған ұлы бабаларды ұмыт қалдырмау – біздің азаматтық парызымыз", - деді Тоқаев кездесуде.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина