Брифингте Талдықорған әкімі Әсет Масабаевқа журналистер "пәтер дауына байланысты қоқан-лоқы жасалды ма" деп сұрады, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, Талдықорғанда 1062 пәтер заң бұзушылықпен берілген. Оның ішінде 680 пәтерді халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар алса, тағы 383-і мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге берілген. Әкімдіктің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов заңсыз баспана алғандардың арасында қазіргі және бұрынғы шенеуніктердің бар екенін нақтылады. Бүгінге дейін қала басшылығы осындай 50-ден астам пәтерді мемлекетке қайтартқызды.
Журналистердің сұрағына жауап берген әкім жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты оған тікелей қоқан-лоқы жасалмағанын, бірақ үшінші тұлғалар арқылы қысым көрсетуге тырысатындар барын айтты.
"Тікелей қоқан-лоқы болған жоқ. (...) Үшінші тұлғалар арқылы шыққандар бар, бірақ тікелей ешкім хабарласпады. Әзірге өзімді өте жайлы сезінемін", - деді Талдықорған әкімі.
Сондай-ақ, ол заң бұзушылықпен берілген пәтерлердің белгіленген саны оның күткенінен асып түскенін айтты.