- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Талайдың өмірін қиған...
Талайдың өмірін қиған Қызылорда–Жезқазған тасжолы қашан салынатыны айтылды
Талайдың төзімін тауысып, көптің өмірін қиған Қызылорда-Жезқазған тасжолында жөндеу жұмысы басталды. Көптен бері қоғам талқысына түскен трассаны бұған дейін Мемлекет басшысы да сынға алып еді. "Бұл бағыт – елдегі жолдардың мүшкіл жағдайының мысалы" деген ол жауаптыларға тез арада жөнге келтіруді де мықтап тапсырған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Жол азабын жүрген білер. Қазір өңірдегі кез келген жүргізушіге таясаң, қара жолға қара қазандай өкпесін айтып, налиды. Әсіресе талай жыл тұрғындардың төзімін тауысқан Жезқазған-Қызылорда тасжолы жөнделеді дегенге ел сенбейді. Өйткені трасса түзеледі деген уәде бір емес, бірнеше жыл бойы айтылып келеді екен.
"2024 жылы салынады деген еді, әлі жоқ. 2025 жылы салынатынына да сенбеймін. Арғы жағын жөндеп, Қызылордадан Жезқазғанға дейінгі шекараға жетті. Енді биыл істеледі деген еді, әлі жоқ. Міне, күз келді. Ертең күздігүні бастаса, сосын 1-2 жылға жетпей, сумен ағып кетуі мүмкін", – деді облыс тұрғыны Әбдірахым Шыңғысов.
"Барып-келіп жатқан таныстарымыз жолдың қорқынышты екенін айтады. Біздің жақта әлі жасалмады. Құр айтады, сосын сөз жүзінде қалады. Айтатындары өтірік, баяғыда жөнделеді деп айтылған. Неше жылдан бері қаншама ақша бөлініп жатыр. Бірақ дұрысталады деп жатыр, оны уақытында көреміз", – деді облыс тұрғыны Еділ Мұңсызбаев.
Көпшілік сенуден қалдық деген соң, мәселенің ақ-қарасын анықтайық деп, жауапты компанияға хабарластық. Олар Жезқазған мен Қызылорда арасындағы тасжолдың құрылысы басталды дейді.
"Бүгінгі таңда қайта жаңғырту жұмыстары басталды. 8 лотқа бөлініп, 4 мердігер анықталып, жұмыстарын бастап жатыр. Қазір олар өздерінің қалашықтарын, айналма жолдарды салып, сонымен қатар материалдарды әзірлеп жатыр. Қарқынды жұмыстың барлығы келер жылы басталады деп отырмыз", – деді "ҚазАвтоЖол" ҰК Ұлытау облыстық филиалының директоры Сұңғат Рақымжанов.
Қос облыс арасындағы жолдың жөндеу жұмыстарын конкурс кезінде анықталған 4 мердігерлік компания жүргізіп жатқан көрінеді. Олар 208 шақырым жолды қамтиды. Айта кетейік, сапалы трассаның салынуы үшін Үкімет 108 млрд теңге қаражат бөлген.
"Жұмысты келер жылдың сәуірінде бастап, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жалғастырамыз деп отырмыз. Қазір мұндағы жұмыскерлерге арнайы қалашық салып жатырмыз. Қысқа дейін материалдар дайын болады. Бұл жерде офис, жатын орын және тамақтану аймағы болады", – деді мердігер компанияның өкілі Цянь Судон.
Мамандар бұл жөндеу жұмыстары облыстың дамуы мен транзиттік әлеуетінің өсуіне оң әсерін береді деп отыр. Жалпы Ұлытау арасы мен Сыр өңірін жалғайтын ауқымды жолдың жобасы 2026 жылға дейін аяқталады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина