- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Таласып адам өлді"....
"Таласып адам өлді". Семейдегі көмір құны тұрғындарды алаңдатып отыр
Қыстың қыспағы қалай боларын ойлап, қазан айы туғаннан мазасы кететін қараша халыққа көмір бағасының қымбаттауы да оңай тимей тұр. Қаладағы да, қырдағы да қалтырамаудың қамын ойлауда. Алайда көмірді жеткілікті түсіріп алуға қалтасы көтермейтіндер де бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалалық әкімдік таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі күнде Семейде көмір тоннасы көтерме бағамен 2 нүкте бойынша сатылады. 28 500 тонна көмір жеткізілген қаланың кіре берісіндегі "Жігер" ЖШС нүктесінде 1 тонна көмірдің құны – 12 700 теңге болса, "72 квартал" аумағындағы баға 12 500 теңгеден басталады. Соған қоса, көлік тасымалы қызметіне 2000 теңге қосылады. Қала билігі сондай-ақ жекелеген аулаларда ЖК құжаты болған жағдайда ғана көмір сатуға рұқсат берілгендігін айтады. Алайда, облыс бойынша, көмір бағасы аудандардың орналасу ерекшеліктеріне қарай қымбаттаған.
Аягөз, Үржар, Ақсуат аудандарына тасымалдану қызметін қоса алғанда тоннасы 18 мыңнан бастап 28 мың теңгеге дейін шарықтаған. Аягөз қаласындағы көмірдің көтерме бағасы 14 800 теңге шамасында болғанымен, басқа аудандарға жүк көліктерінің иелері тоннасын екі есе бағасына өткізуге мәжбүр.
"Мен мысалы, бүгін 20 тонна көмірді көтерме баға бойынша, Аягөзден Үржар ауданының өз басына апара жатырмын. Халықта 5-10 тонналап сатып алатын ақша жоқ. Апарған күнде де бір-бірімен таласып, араздасып қала жаздайды. Сол себепті әр отбасыға 2 тоннадан артық түсіре алмаймын. Оның тоннасын 28 мың теңгеден өткізсем, 56 мың теңгеден бағаланады. Ал, енді сонда жалпы есебін ойлаңыз, орташа есеппен барлық жиыны 280 мың теңге шамасында тапсам, оның жартысынан астамы жанармайға, көлік сынса, қажетті сайманын алуға жұмсалады. Сенсеңіз, өз үйіме әлі көмір жеткізе алғаным жоқ. Көмірдің қазіргі босатылу бағасы әлден осындай. Қыста қалай құбыларын кім білсін, ол кездегі көмір бағасы одан сайын көтеріліп кетпесе, түсе қоймасы, бәрімізге белгілі шындық", - дейді Мақсат Теміртасов.
Қазір елі ішіне көмір әлі толық жеткізіле қоймағанымен, бағасы шарықтап келсе, де көнуге мәжбүр болып отырғандар да баршылық.
"Біздің Ақсуат өңіріне былтыр көмір әу бастан 25-28 мыңнан әкелінген болатын. Жекеменшік "Камаз" қожайындарының арнайы бір тонналық өлшеу құралының есебінде көрсететін бөшкесінің сыйымдылығы ұзаса, 800 келі, оны он мәрте түсіріп, он тоннаға шамалап түсіргенімен, бір-біржарым тоннаға кем шығатынын да жұрт жақсы біледі. Ауылдарда көмір түсіретін нүктелер тұрмақ, жөбі түзу өлшеу құрылғысы жоқ. Соның салдарынан екі есе ұтылып отырмыз десем, қателеспеспін. Ендігі тасымалданатын көмірдің тоннасын 32-35 мың теңгеден бағалап әкелсе, таңғалмаймын. Сонда бізде тек көмірдің өзіне 350 мың теңгеге дейін жұмсауға тура келеді. Шалғайдағы шекаралық аудандарда тұратын халықтың осы жайын Үкімет назарға алса деймін. Аудан орталықтарынан көмір босату пунктін ашпайынша, біздегі жағдайдың жақсара қояр түрі жоқ", - дейді ақсуаттық тұрғын Ұшқын Кенжебаев.
Ұшқын Кенжебаевтың айтуынша, Ақсуат ауылдары көмір кенішінен қашықта орналасқандықтан, мұндағы жұртшылық көмірді сапасына қарамай-ақ алуға мәжбүр.
"Өз күштерімен көлік тауып, оны жалдап барған күннің өзінде "Қаражыра" көмір кеніші ашық-шашық жатқан орын емес. Ұзын-сонар кезектегі ірі жүк көліктерінің иелері апталап кезегін күтіп жатқанда, бүгін барып тез алып кетуді көздегендерге жол бере қоймайды. Онысы өз алдына, ертеден көмір тасымалын кәсіп еткендер "көлденеңнен қысылып" келіп қалғандардың дегеніне көну тұрмақ, жанжалдасуға дайын тұратыны жылдағы көрініске айналған. Тіпті, қайбір жылы көмір үшін қырқыста, бір азамат қазаға ұшырап, оның соңы "жабулы қазан жабулы" күйде қалғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Яғни көмірге таласып адам өлді", - дейді ауыл тұрғыны.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы