Талас ауданында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтілді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттар табыстады.
"Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан да ауыл шаруашылығы - ел экономикасының сәтті дамуына ерекше серпін беріп отырған негізгі драйверлердің бірі екендігі даусыз. Мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы нәтижесінде ауданның өндірістік көрсеткіштерінде тұрақты өсім қалыптасып, ауыл халқының тұрмыс деңгейі көтеріліп келеді. Ауданда 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 18,4 миллиард теңге болды. Оның ішінде: мал шаруашылығында 12,3 миллиард теңгенің өнімдері және өсімдік шаруашылығында 6,1 миллион теңгенінің өнімдері өндірілді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 14,2 мың гектарға жетті. Мал шаруашылығында мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері - 1,3 пайызға, сүт өнімдері - 1,6 пайызға ұлғайды. Ауданда бүгінгі күні даму жоспары аясында 108,9 миллион теңгеге 12 кіші инвестициялық жобалар іске қосылып, тұрақты 22 жұмыс орны құрылды. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуымен қатар, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына, қомақты үлес қосып келесiздер. Сондықтан Сіздердің еңбектеріңіз қашан да үлкен құрметке лайық!" - деді аудан әкімі Нұрбол Әбдімажитұлы.
Жиын аясында бірқатар сала ардагері мен үздік маман ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен және Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, "Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін" белгісімен, Құрмет грамотасымен, сонымен қатар аудан әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ, мәслихат төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Салада қажырлы еңбек еткен азаматтарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінде өткен мерекелік шара таластық өнерпаздардың концертіне ұласты.
Қаратау қаласының Батырлар алаңында "Ауыл Аманаты" жобасы бойынша алынған ауылшаруашылығы техникаларының (трактор) көрмесі ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы әкімдігі ұсынған материал
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!