- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Талап тастады". Ақтөбе...
"Талап тастады". Ақтөбе облысында бұралқы иттер мал мен адамды тістеген
Ақтөбеде қаптаған бұралқы ит адамға шапты. Бұралқылар қораға кіріп, малды қырып, баланы қуып, елдің зәресін алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Қала тұрғыны Бауырластар ауылының халқы қаңғыған иттердің аулаларды тіміскілеп, адам түгілі, малға да тыныштық бермейтінін айтты. Қаңғырған қалың саққұлақ күні кеше ауыл тұрғыны Дәулет Әлиевтің де қорада тұрған сауын ешкісін талап тастаған. Азаматтың айтуынша, бұл жағдай бұған дейін де бірнеше рет қайталаныпты.
"Қаңғыбас иттер қуып осы жерден алып кеткен. Сол күні жұмыста болдым. Талап тастаған. Артқы аяғынан тістеген. Малымды ауладан келіп ит талап кетті. Бала түгілі, үлкен адам шыға алмайды. Баланы сабаққа бір адам апарып, әкеледі", – деді Бауырластар ауылының тұрғыны Дәулет Әлиев.
Ауыл ішінде өріп жүретін бұралқы иттер баланы қойып, ересектердің де есін алатын болған.
"Менің де құстарымды талап кеткен. Біз балалар үшін қорқамыз. Қызым сабаққа қатынап оқиды. Әкесі бос болса, апарады. Мен мүгедек баламен үйде отырмын. Терезеден қарап, иманымызды үйіріп отырамыз. Оның қасында кішкентай балалар бар. Қаншама бала таланды, шешілмейтін мәселеге айналды", – деді Бауырластар ауылының тұрғыны Гүлназ Кенжебаева.
Ал облыстық ветеринария басқармасының өкілі "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" заңына сәйкес, иттерді өлтіруге тыйым салынған дегенді алға тартты.
"Ит аулайтын 6 бригада жұмыс істеп отыр. Бауырластар елдімекеніне бөлінген бригада бар. Ақтөбе қаласы бойынша қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 224 миллион теңге бөлінді. Ақтөбе қаласы бойынша 60 миллион теңгесі игерілді", – деді облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы