Елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұдан былай елімізде жеке мектептер нақты қажеттілік туындаған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үш ауысымды мектептерді, апат жағдайында тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге беріледі.
Сонымен қатар, жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі де заң аясында жетілдіріледі. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады.
"Одан бөлек, мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, қазір елімізде лицензиясы бар 890 жеке мектеп бар.
Еске салайық, бұған дейін министр мектеп директорларына қатысты маңызды жаңалықты айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова