Қарағандыда қарақшылық шабуыл және ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға дүйсенбіде күндіз болған. 67 жастағы қала тұрғыны дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда, артынан жүгіріп келген белгісіз ер адам оның мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, ізін суытқан.
Жәбірленуші келтірілген материалдық шығынды 400 мың теңге деп бағалаған. Зейнеткер бірден полицияға хабарласып, күдіктінің сыртқы келбетін сипаттап берген. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары алынған бағдар бойынша күдіктіні және оның жүрген жерін қысқа мерзімде анықтаған.
Ұсталған адам өз кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгерген. Алайда полиция қызметкерлері зергерлік бұйымды айғақ ретінде тәркілеп, қайтарып алды.
"Тергеу барысында күдікті бұл қылмысқа алдын ала дайындалмағаны, бірақ оған дейін велосипед ұрлағаны белгілі болды. Ұрланған велосипедпен келе жатып, мойнында алтын алқасы бар зейнеткерді байқап, көлікті жақын маңдағы аулалардың біріне қалдырған. Содан кейін әйелге шабуыл жасап, алтын алқасын жұлып алып, қайтадан велосипедке мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ұрланған велосипедтің заңды иесі анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр", - деді ІІМ өкілі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова