- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Таксиде жол апатына...
Таксиде жол апатына ұшырадыңыз. Өтемақы төлене ме?
Елімізде жыл сайын таксиге сұраныс артып келеді. Ал сапар кезінде кез келгеніміз жол апатына түсуіміз мүмкін. Егер жолаушы таксиде жол-көлік оқиғасына ұшыраса, оған қандай да бір өтемақы төлене ме? Бұл сұрақтың жауабын "Право знать" Telegram-арнасы жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Егер жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы немесе жүргізуші жарақат алған болса, Қазақстандағы белгілі бір қосымшалардың пайдаланушыларына өтемақы төленеді.
"Мысалы, кейбір компаниялардың қосымшасында барлық сапар 4 миллион теңгеге дейін сақтандырылған", - делінген хабарламада.
Жолаушылар мен жүргізушілер үшін сақтандыру тегін және ол жүргізуші "жолда" түймесін басқаннан бастап сапар аяқталып, қайтадан "аяқтау" батырмасын басқанға дейін автоматты түрде жұмыс істейді.
Жол апаты салдарынан зардап шеккен әрбір жолаушыға немесе жүргізушіге төленетін өтемақы мөлшері:
- жарақат алған жағдайда ауырлық дәрежесіне байланысты 4 миллион теңгеге дейін;
- жолаушы немесе жүргізуші мүгедекке айналса, мүгедектік тобына байланысты 3 миллион 200 мың теңгеге дейін;
- қайтыс болған жағдайда - 4 миллион теңге өтемақы мұрагерлерге беріледі (такси қызметіне кім тапсырыс бергені маңызды емес).
Сапар кезінде көлікте болғандардың барлығы сақтандырылған. Егер сіз такси қызметін өзіңізге емес, басқа адамға тапсырыс берсеңіз, онда ол да сақтандырылады.
Егер шағын жол-көлік оқиғасына түсіп, жарақат алмасаңыз, оқиға туралы қолдау қызметіне хабарлай аласыз. Өйткені кейбір жағдайларда компания сапар үшін ақшаны қайтарып береді немесе келесі жолдамаға жеңілдік жасайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә