Такси қымбат: отандық компанияларды дамытуға не кедергі?

Қазақстандықтардың басым көпшілігі әдетте такси қызметін ұсынатын шетелдік компанияларды таңдайды. Ал отандық компанияларды дамытуға не кедергі, олар неге қолдау таппайды? Мәселе Massaget.kz тілшісі материалында.

"Қымбат болса да ұзақ күткеннен тиімді"

Такcи қызметін ұсынатын шетелдік компаниялар бағасы үшін жиі сынға ұшырайды. Мұны Алматы, Астана секілді мегаполистерде тұратындар растайды. Әдетте ауа райы бұзылғанда, мұндай компаниялар да бағасын шарықтатып жібереді.

Жуырда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Яндекс.Такси" тарифті заңсыз көтергенін анықтады. Осылайша, компания жауапкершілікке тартылды. Ал бұл жүргізушілерге 10 миллиард теңге төлеуге және 1,4 миллион адам үшін такси құны төмендеуіне себеп болды. 

depositphotos.com / mikrokon

Ал отандық такси қызметін ұсынатын компаниялар көбіне лайықты жағдай жасалмағаны үшін сөз естіп жатады. Мұны отандық компаниялардың бірінің қызметіне жүгінген алматылық Дина Литпин растады.

"Апару" қосымшасы нарықтағы басқа баламалы такси қызметіне қарағанда арзан болғанымен, тұтынушыларға жағдай жасалмаған. Такси тіпті жоқтың-қасы. Отандық қосымшаны сынап көрейін деген ниетпен жүктеп алып, тапсырыс беріп көргім келген еді. Қосымшада бірен-саран көлік жүреді. 15-20 минуттан кейін келеді деп ұсынады. Оны күтетін уақыт болмағандықтан, амалсыз "ресейлік сервиске" қайта жүгіндім", – деді ол.

Отандық компаниялар неліктен шетелдік компанияларға "жұтылып кетіп" жатыр?

Қазақстанның такси қызметтері республикалық қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов бүгінде отандық такси қызметін ұсынатын компаниялар көбейіп келе жатқанын айтады.

"Республикалық маңызы бар қалаларда Tappy Taxi, Aparu, Region секілді такси қызметтері жұмыс істейді, ал облыс орталықтарында "Народное", "Бауырсақ" және басқа да қызметтер бар. Дегенмен олардың нарықтағы үлесі "Яндекс" пен "Индрайвермен" салыстырғанда айтарлықтай аз", – деді ол Massaget.kz-ке.

Сарапшы отандық компаниялар неліктен шетелдік компанияларға "жұтылып кетіп жатқанын" түсіндірді.

"Шетелдік агрегаторлар нарыққа шыққанда қызмет бағасын нарықтан төмендетіп, жүргізушілерге бонустар ретінде қосымша төлем жасайды және жолаушыларды тарту үшін агрессивті маркетингтік стратегияларды қолданады. Бұл шаралар уақытша. Осының нәтижесінде отандық қызметтер мұндай бәсекелестікке шыдай алмайды: көпшілігі жабылып қалды, ал қалғандары негізінен корпоративтік келісімшарттар бойынша жұмыс істейді", – деді ол.

Медет Құрманов Қазақстан нарығын отандық компаниялар толық қамтамасыз ете алмай отырғанына тағы бір себеп барын айтты. Бұл – ешқайда тіркелмей, жолаушы таситын жеке такси жүргізушілері, яғни көлеңкелі сектор.

Midjourney

Ал ресми түрде жолаушы тасымалдау үшін egov.kz порталы арқылы хабарлама беріп, жолаушыларды сақтандыруды рәсімдеп, әр жарты жыл сайын техникалық тексерістен өтіп, оған қоса ұлттық стандарттарды сақтау қажет. 

"Қазір нарықтың 90 пайыздан астамы көлеңкелі секторда, ол мемлекет тарапынан реттелмейді және жүргізішулер тіркелмей жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар такси саласын ұйымдастыру, реттеу, бақылау және қадағалау міндеттерін орындай алмай отыр. Мәселелер жылдар бойы жинақталып, шешілмей келеді. Дегенмен жолаушыларға такси қызметі қажет және бұл орынды көбіне жеке автокөлік иелері алып отыр, олар көлік заңнамасын сақтамайды", – дейді сарапшы.

Маманның пікірінше, мәселе көлік заңнамасының орындалуын қамтамасыз етіп, жолаушылар, жүргізушілер, таксопарктер мен агрегаторлар арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұратын біреу болғанда ғана шешімін табуы мүмкін.

"2020 жылдан бастап Көлік министрлігіне такси тасымалын ұйымдастыру бойынша мемлекеттік функцияларды нарыққа беру мүмкіндігін, яғни өзін-өзі реттейтін ұйым механизмі арқылы қарастыруды ұсындық. Тиісті түзетулер қабылданған жағдайда барлық мәселені талқылау, шешімін табу және такси саласын ұзақ мерзімді дамыту стратегияларын қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады", – деп түйіндеді ол.

Көлік министрлігі

Министрлік неге шарасыз?

  • Ресми тіркелген қанша тасымалдаушы бар?

Көлік министрлігінің Massaget.kz-ке берген ресми жауабына сүйенсек, Қазақстанда ресми тіркелген 3 мыңға жуық тасымалдаушы бар. Бұл тізім Қазақстан аумағында таксимен тасымалдайтын жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жергілікті атқарушы органға таксимен тасымалдаушы ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама бергені негізінде жасалған.

Ведомство жауабында отандық такси қызметін дамытуда негізгі мәселе заңнама талаптарын бұзып, жолаушы тасымалдайтындардан, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін тасымалдаушылардан туындап отырғаны айтылған. Министрлік мұндай тасымалдаушыларға қатысты құзыретті органдар тиісті шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.

depositphotos.com

  • Баға мен сапа қалай қадағаланады?

2023 жылы Көлік министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, заңсыз жолаушылар тасымалын жою жөніндегі бірлескен жол картасын қабылдаған. Ресми жауапта осы арқылы заңсыз тасымалдаушылардың тегін тұрақтарына рейдтік іс-шаралар, фото және видеокамералар арқылы (Сергек, АӨС және т.б.) тексерістер жасалып, жолаушыларды тұрақты түрде заңсыз тасымалдайтын көліктер анықталып жатқаны айтылған. Ал бағаға келгенде, тағы да мәселе туындайды.

"Заңнамаға сәйкес тасымалдау қызметінің бағасына қатысты тасымалдаушы мен жолаушы арасында еркін (шарттық) тарифтер белгіленеді", – деп жазылған жауапта.

depositphotos.com

  • Мемлекеттен қандай қолдау бар?

Биыл шілдеде осы салаға қатысты бірқатар заңға түзетулер енгізілген:

- арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін әлеуметтік аударымдардың, міндетті зейнетақы жарналарының және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері 1 пайызға дейін төмендетіледі;

- интернет платформа операторлары арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, арнайы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды ұстап қалу және төлеу қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап таксистердің жұмысына өзгерістер енгізілетіні хабарланды. 

Анықтама: EnergyProm мәліметіне сүйенсек, ТМД елдері арасында ең қымбат такси Қазақстанда, такси қызметінің құны 0,61 АҚШ доллары болады.

2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың табысы бір жылда 17 пайызға өсіп, 5,9 миллиард теңгеге жеткен. Осы уақыт аралығында такси қызметін 47,4 миллион адам пайдаланған, бұл бір жыл бұрынғыдан 2 пайызға аз.

Қазақстанда бір жылда такси қызметі 9 пайызға қымбаттаған. Өңірлер бойынша баға салыстырмалы түрде Алматы қаласында көбірек, бір жылда 30,3 пайызға өсті. Одан кейін Ақтөбе және Абай облыстары, мұнда баға 22,1 пайызға және 17 пайызға өскен. Такси қызметі құнының ең аз жылдық өсімі Маңғыстау облысында тіркелді – 1,2 пайыз. Тағы үш облыста – Алматы, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстанда баға бір жыл бұрынғы деңгейде қалды.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!