- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Такси жүргізушісі жолаушы...
Такси жүргізушісі жолаушы мен баланы балағаттаған: сот қаулысы шықты
Астананың әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жолаушы мен баласын балағаттаған такси жүргізушісіне қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Істің мән-жайы бойынша, такси жүргізушісі агрессиялық әрекет, психикалық қысым көрсетіп, жолаушы мен оның жас баласына қатысты былапыт сөйлеген.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы кінәсін мойындамады, хаттамамен келіспеді.
Жасалған құқық бұзушылық әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада, полиция инспекторының баянатында, жәбірленушінің түсiнiктемесінде көрсетілген нақты деректермен расталды.
"Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, сот қаулысымен О. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", - делінген қаулыда.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Нұрила есімді қолданушы такси жүргізушісі баласына қол көтергенін айтқан еді. Оқиға 23 тамызда болған.
Әйелдің айтуынша, баласы абайсызда орындықты ластаған, бірақ бұл үшін кешірім сұраған, тіпті майлықпен сүртіп, тазалаған.
Кейінірек баласы көліктің ортасында тұрғанда такси жүргізушісі оны итеріп, шынтағымен бетінен ұрып, айғайлағанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан