Такси жүргізушілері мен курьерлер үшін жақсы жаңалық: маңызды өзгерістер ұсынылды

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай онлайн платформалар арқылы қызмет көрсететіндердің жұмыс ережесін түбегейлі өзгертуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Құқығы қорғалмай отыр"

Сенатордың айтуынша, такси мен жеткізу қызметінде жұмыс істеу мыңдаған азамат үшін негізгі табыс көзіне айналған. Сарапшылар бұл салада жұмыс істейтіндер санын 394 мың адам деп бағалап отыр.

Алайда ауқымы осындай кең болғанымен, бұл сала құқықтық тұрғыдан әлі де қорғалмаған. Депутат қазір адамдар мынадай мәселелерге тап болатынын айтты:

  • тұрақсыз табыс;
  • сақтандыру болмауы;
  • айыппұл мен бұғаттау ашық емес екені.

Бибігүл Жексенбай бірнеше бастама жариялады.

Жаңа мәртебе және сағаттық төлем

Депутат жеке заң қабылдап, "тәуелсіз қызметкер" мәртебесін ресми түрде бекітуді ұсынды. Басты жаңалық - олардың табысын қорғау үшін сағаттық төлемнің ең төменгі стандартын енгізу.

Бензин шығынын шегергендегі салық

Салық жүктемесін азайту үшін жүргізушілер мен курьерлердің нақты шығынын есепке алу ұсынылды.

"Әлеуметтік төлемді есептеу кезінде шығынды, соның ішінде жанармай мен көлікті жөндеуге кететін шығынды есепке алу әдістемесін қарастыру қажет", - деді сенатор.

Ұжымдық сақтандыру

Жеткізу және такси қызметі - қауіпке толы жұмыс. Депутат платформа иелерімен бірлесіп, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды енгізуді талап етті.

Алгоритмдердің "озбырлығынан" қорғау

Сенатор компанияларды тапсырыстарды бөлу қағидатын ашуға шақырып, робот арқылы бұғаттауға тыйым салуды ұсынды.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлер жеке кәсіпкер болып саналмайды. Мұндай норма жаңа Салық кодексі қабылдануына байланысты күшіне енді. Бұл "Яндекс", InDrive, Glovo, Wolt және басқа да сервистермен серіктес болып жүрген жүргізушілер мен курьерлерге қатысты енгізілді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!