Тәжікстан мен Қазақстан IT-технологияларды дамытатын болады

Душанбеде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі, Тәжікстанның "Амонатбанк" Жинақ банкі және Freedom Bank өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат IT технологиялар мен инновацияларды дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Меморандумға Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшысы Жаслан Мәдиев, Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов, сондай-ақ Инновациялар агенттігінің өкілдері Хуршед Мирзо мен Тәжікстан Жинақ банкінің өкілдері Ризвонзода Фирдавс қол қойды.

Құжат Қазақстан мен Тәжікстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ақпараттық технологиялар мен ғарыш қызметінің маңызды рөлін атап көрсетеді. Тараптар екі елдегі экономикалық және әлеуметтік прогреске ықпал ете отырып, озық технологияларды ұзақ мерзімді негізде дамытуға және енгізуге уағдаласты. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары - цифрлық инфрақұрылымды дамыту және электрондық үкімет саласындағы бастамаларды іске асыру, инновациялар мен кәсіпкерлік саласында білім алмасуға жәрдемдесу. Сонымен қатар, Тәжікстанда технологиялық парк құру арқылы стартаптарды қолдау және цифрлық экожүйелерді дамыту жоспарлануда.

"Тәжікстанда технологиялық парктің ашылуы - өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы және инновацияларды қолдаудағы маңызды қадам. Freedom Bank қаржыландыруының арқасында бұл жоба технологиялық кәсіпкерлік пен заманауи IT-шешімдерді құру үшін жаңа көкжиектер ашады. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың цифрлық экономиканы дамытуға және байланыстарымызды нығайтуға қалай ықпал ететінінің мысалы. Тәжікстаннан 100-ден астам IT-маман Қазақстанда Астана Hub бағдарламасы бойынша оқудан өткенін айта кету керек, бұл өңірдің технологиялық әлеуетін дамытуға деген ортақ қызығушылығымызды көрсетеді", - деп атап өтті Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.

Ұйым цифрлық ипотека және цифрлық автокредит сияқты инновациялық сервистердің тәжірибесінде банк өнімдерін автоматтандыру саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті. Бұдан басқа, "Цифрлық ипотека", "Цифрлық авто" және мемлекеттік қызметтер мен сервистердің (GovTech) көмегімен өзге де Банктік қызметтерді цифрландыру сияқты банктік өнімдер таныстырылды.

"Меморандумға қол қою - серіктестікті нығайтудағы және инновациялық шешімдерді іске асырудағы маңызды қадам. IТ hub-ты іске қосумен қатар, біз Тәжікстанда Freedom Bank еншілес компаниясын ашуға ниеттіміз. Біз қазірдің өзінде осы бағытта үлкен жұмыс жасадық, команда жиналып, орналасатын жері анықталды. Еншілес банктің ашылуы бізге өз тәжірибемізді кеңейтуге және Тәжікстан нарығында цифрлық қаржы өнімдері мен сервистерін енгізуге мүмкіндік береді", - деп қорытындылады Freedom Bank Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

Сонымен қатар, Орталық Азияның инновациялық экожүйесіне назар аудару үшін халықаралық іс-шараларға қатысу, трансшекаралық әріптестік үшін мүмкіндіктерді зерделеу, ғарыш қызметі және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы бірлескен жобаларды әзірлеу көзделген.

Жарнама материал

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!