Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Тәжікстан ұлттық секциясының Комиссары Шариф Саидпен кездесті. Кездесу барысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Тәжікстанның қатысу келісімшартына қол қойылды. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Құжатқа «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов пен тәжікістандық секцияның Комиссары Шариф Саид қол қойды.
«Тәжікстан көрмеге қатысу келісімшартына қол қойған 90-шы мемлкет. Ағымдағы жылдың аяғына дейін көрмеге қатысушы мемлекеттер санын 110-ға жеткізбекпіз әрі 2017 жылдың қаңтарында барлық келісімшарттарға қол қоятын боламыз», - деді Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде, ұлттық секция Комиссары Тәжікстанның баламалы энергия саласындағы барлық жетістіктерін көрететіндігін жеткізді. «Тәжікстанда гидроэнергетикалық ресурстың ауқымды қоры бар. Бүгінде біз оның тек 5 пайызын ғана қолданып отырмыз. Сондықтан ЭКСПО-2017 алаңы біз үшін үлкен мүмкіндік», - деп атап өтті Комиссар.
Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушы мемлекеттер тізімін жасау екі кезеңнен тұрады. Алдымен мемлекет қатысатындығын ресми растайды және келесі кезеңде қатысу келісімшартына қол қояды.
Соңғы аптада көрмеге қатысатындығын Словакия мен Греция растады. Испаниямен қатысу келісімшартына қол қойылды. Жақын арада тағы 3 мемлекет: Бельгия, Катар мен Өзбекстан қол қоятын болады.
Бүгінгі таңда Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын 106 мемлкет растап, 101 мемлекет комиссарларын тағайындады.