Таиландтан келген екі қазақстандық Денге безгегімен ауырып қалған. Денсаулық сақтау министрлігі олардың жағдайы туралы Tengri Travel тілшісіне айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Денге безгегінің белгілері: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бөртпе, бұлшықеттер мен буындардың ауыруы. Бүгінде, 2023 жылы шет елден ауырып келудің екі жағдай тіркелді, оның бірі - Астанада және біреуі - Павлодар облысында. Екеуі де Тайландтан келген. Бірақ алаңдауға негіз жоқ. Науқастар толықтай жазылды", - деді ҚР ДСМ СЭБК биоқауіпсіздігі аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас сарапшысы.
Сондай-ақ, Айжан Жүкенова Денге безгегі тропиктік және субтропиктік климаты бар аймақтарда жиі кездесетінін айтты.
"Денге безгегін жұқтырудың көптеген жағдайы асимптоматикалық немесе жеңіл симптомдармен жүреді. Дегенмен, кейде ол ауыр өтіп, өлімге әкелуі мүмкін", - деп қосты сарапшы.
Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі, Қазақстанның бас санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда масалар бұл ауруды жұқтырмайтынын атап өтті.
"Елімізде Денге безгегі жоқ. Бұл инфекцияны масалардың белгілі бір түрі жұқтырады, олар біздің климатта өмір сүрмейді. Денге безгегін тек осы ауру тараған елдерден әкелуге болады", - деп түсіндірді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!