Таиландтың Пхукет курорттық аралында жеке балабақшада заңсыз жұмыс істеген бірнеше әйел ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ТАСС Таиланд полициясындағы дереккөзге сілтеме жасап мәлімдеді.
"Сәрсенбіде Litti Kids халықаралық балабақшасында жүргізілген рейд барысында Ресейдің төрт азаматы, сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ-тың бір-бір азаматшасы ұсталды. Оларға жұмыс істеуге рұқсатсыз еңбек қызметін жүргізді деген айып тағылды", – деді полиция өкілі.
Басылым мәліметінше, сот отырысы өтіп, оның шешімімен ұсталған әйелдер өз елдеріне депортацияланатын болды.
Пхукет полициясының хабарлауынша, Litti Kids халықаралық балабақшасы негізінен орыс тілінде сөйлейтін балаларға бағытталған. Қазір бұл мекеме жабылған. Кейінгі күндері Таиланд полициясы Пхукетте заңсыз бизнес пен еңбек заңнамасын бұзу деректерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізіп жатыр.
Таиланд заңнамасына сәйкес, шетел азаматтарының еңбек заңнамасын бұзуы 100 мың батқа дейін (шамамен 3 мың доллар) айыппұл салуға, бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға және/немесе елден депортациялауға әкелуі мүмкін.
Таиландта жұмыс істегісі шетелдіктер тиісті виза мен жұмысқа рұқсат алуға тиіс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz