Таиландта туристер көп баратын жерде алапат өрт шықты: ішінде Қазақстан азаматтары бар ма?

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілі Бангкоктағы барлардың бірінде болған алапат өртке қатысты пікір білдірді. Шетелдік БАҚ мәліметінше, апат салдарынан шамамен 27 адам қаза тауып, тағы 63 адам жарақат алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

СІМ баспасөз қызметі мәліметінше, зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ресми ақпарат түспеген.

"Қазір Таиландтың құзыретті органдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары туралы ресми ақпарат немесе ҚР азаматтарынан Қазақстанның Бангкоктағы елшілігіне қандай да бір өтініш түскен жоқ. Бұл мәселе ҚР СІМ бақылауында", - деді ведомство өкілдері.

DW мәліметінше, өрт жексенбіде кешке Бангкоктың Чатучак округіндегі Латпхрао ауданында орналасқан Rong Beer Na Lat Phrao мекемесінде шыққан. Бар жергілікті тұрғындар арасында танымал және демалыс күндері ондаған мың тұрғын мен турист келетін әйгілі Чатучак базары маңында орналасқан.

Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракулдың айтуынша, оқиға орнынан 27 адамның сүйегі шығарылған. Тағы 63 адам түрлі жарақатпен ауруханаларға жеткізілді, дәрігерлер 22 адамның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Алдын ала мәлімет бойынша өрт сахна маңынан басталған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат іші санаулы секундта қою түтінге толып, қонақтар сыртқа шығуға тырысқан.

Көбі ғимараттың ішкі жағына қарай қашқанымен, эвакуация жолын таба алмаған. Премьер-министрдің сөзінше, қаза тапқандардың басым бөлігі дәретханалардан табылған.

Құтқарушылар бірнеше минут ішінде оқиға орнына жеткенімен, ол кезде өрт ғимараттың барлық аумағын шарпып үлгерген. Тілсіз жауды шамамен жарты сағаттан соң оқшаулау мүмкін болды. Таиланд билігі трагедияның себептерін тергеуді бастады.

БАҚ мәліметінше, қазір қаза тапқан он адам кім екені анықталған. Олардың тоғызы - Таиланд азаматы, біреуі - Лаос азаматы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз