Астананың санитариялық-дезинфекциялық қызметін ұзақ жыл басқарған, жарты ғасырдан астам уақытын қала тұрғындарының денсаулығын қорғауға арнаған Михаил Гниненко Таиландтағы демалысының алғашқы күні ауыр жарақат алды. Қазір 79 жастағы дәрігер жансақтау бөлімінде, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сақтандыру қаражаты таусылып, аурухана алдындағы қарызы 14 мың доллардан асқан. Отбасы оны Қазақстанға жеткізу үшін көмек сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Astana TV-ға сілтеме жасап.
Оқиға 3 қарашада ерлі-зайыпты Таиландқа ұшып барған күні болған. Қонақүйге орналасқан соң 79 жастағы Михаил Гниненко жұбайымен бірге жақын маңдағы дәмханаға түскі ас ішуге барған. Тамақтан кейін ер адам әйелінен бірнеше секунд бұрын сыртқа шыққан.
"Мен де соңынан шыққанда, бетон баспалдақтың маңында топырлап тұрған адамдарды көрдім. Жолдасымның төменде құлап жатқанын байқадым. Ол жерде алты бетон баспалдақ бар, ал төменгі еденге ешқандай жұмсақ жабын төселмеген", – деп еске алады жұбайы Валентина Борисовна.
Құлағаннан кейін Михаил Гниненко бас-миының ауыр жарақатын алып, бас сүйек ішіне қан құйылған. Оны шұғыл түрде Vachira Phuket ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер күрделі нейрохирургиялық ота жасаған.
13 қарашада 79 жасқа толған Михаил Григорьевич туған күнін ауруханада, ес-түссіз күйде, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып қарсы алды.
"Ол ауырсынуды сезген кезде реакция білдіретін. Бірде қолымды қысты. Алдыңғы күні көзін аз уақытқа ашты. Бірақ кейінгі тәулікте айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Жағдайы әлі де ауыр", – дейді Валентина Борисовна.
Михаил Гниненко – Ақмола өңірінің тумасы. Ол елордадағы санитариялық-дезинфекциялық қызметті құрып, оны 20 жыл бойы басқарған. Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағына ие болған.
Өмір бойы қаланы түрлі індеттен қорғауға атсалысқан дәрігер енді өзі туған жерінен мыңдаған шақырым алыста өмір үшін күресіп жатыр.
Алғашқы күндердегі жансақтау бөлімі мен ота шығындарына 10 мың доллар көлеміндегі сақтандыру қаражаты түгел жұмсалған. 13 қарашада аурухана отбасыға тағы бір шот ұсынған. Қарыз көлемі 464 мың тай батына (шамамен 14 065 доллар немесе 6 миллион теңге) жеткен. Бұл сома күн сайын өсіп жатыр.
Қазір туыстары қазақстандық дипломаттардың көмегімен науқасты арнайы медициналық ұшақпен елге жеткізу үшін қажет құжаттарды әзірлеп жатыр.
16 қараша, дүйсенбіде Таиланд дәрігерлері қатысатын маңызды медициналық консилиум өтеді. Отбасы сол жиында Михаил Григорьевичтің ұшақпен жол жүруге жарамды екені туралы ресми қорытынды алады деп үміттенеді. Басты мақсат – оны Астанадағы мамандандырылған нейрохирургия бөліміне жеткізу.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!