Таиландта жоғалып кеткен рэпер Кисло-Сладкий ауруханадан табылды

Таиландта із-түссіз жоғалып кеткен қазақстандық рэпер Дархан Жұмабекті іздеу жұмыстары аяқталды. Кисло-Сладкий лақапатымен танымал ол жергілікті ауруханалардың бірінен табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы әлеуметтік желіде режиссер Парасат Ибраев хабарлады. Ол Таиландта рэпермен бірге жұмыс істеуі керек болған. Түсірілім тобы музыкант ауруханада жатқанын жергілікті тұрғындардан естіген.

"Осы ақпаратты алған бойда Парасатпен бірге сол жерге бардық. Не болғанын және оның жағдайы қандай екенін әзірге білмейміз. Бізді әлі күнге дейін ішке кіргізген жоқ, сыртта күтуді сұрады. Жақсы жаңалық болады деп үміттенеміз. Осы уақыт ішінде қолдау көрсеткен еріктілер мен жергілікті жігіттерге алғыс айтқымыз келеді", - деді видеода олар.

Түсірілім тобы әншінің өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеген.

"Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Тағы бір күндей ауруханада болып, қалпына келеді деп үміттенемін. Ертең өзі тікелей эфирге шығып, не болғанын айтып береді деп ойлаймыз", - деп жазды олар.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Таиланд аумағында қазақстандық рэпер Дархан Жұмабек (Кисло-Сладкий) жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады.

Кисло-Сладкий (Дархан Жұмабек) - қазақстандық рэп орындаушы. 1999 жылы 9 сәуірде Алматы облысы Шелек ауылында дүниеге келген. Ол "Пиридай" сияқты бірнеше танымал трек шығарған "Кисло-Сладкий & Bonah" хип-хоп дуэтінің мүшесі ретінде танымал болды. Кейін жеке шығармашылық жолын бастады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!