Таиландта апатқа ұшыраған қайықта болған Қазақстанның екі азаматы қазір ауруханада жатыр. Жарақат алған тағы екі отандасымызға көмек көрсетілген соң қонақүйге жіберілген. Медициналық барлық шығынды катерді жалға берген тай компаниясы өз мойнына алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға кеше түстен кейін болды. 33 турист пен 4 экипаж мүшесі мінген катер Пхукет аралдарына жақындай бергенде бетон бағанаға соғылған.
Қазақстанның төрт азаматы бірнеше күн бұрын Таиландқа демалуға барған. Кеше кезекті турды таңдап, Үнді мұхиты мен аралдарды аралауға шыққанында катер апатқа ұшыраған, яғни Пхукетке қайтар жолда асқан жылдамдықпен жүретін моторлы қайық теңіздегі ескерту мұнарасына барып соғылған. Соның салдарынан туристердің көбі түрлі жарақат алған.
"Кешегі оқиға кезінде катердің жолаушылары арасында Қазақстанның төрт азаматы болған. Олардың үшеуіне медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер тексергеннен кейін екі отандасымыз ауруханада бақылауда. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Біздің консул зардап шеккен азаматтармен және жергілікті билікпен тұрақты байланыста", - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, барлық медициналық шығындарды катерді жалға берген тай компаниясы өз мойнына алып отыр.
Апаттан ауыр жарақат алған алты адам бар. Оның төртеуі – Ресей, екеуі Таиланд азаматы. Қалғанының жағдайы орташа.
Апатқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!