Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтатуға келісті

Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтату туралы келісімге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DW басылымына сілтеме жасап.

Бұл шарт 28 шілдеде түн ортасынан бастап күшіне енеді. Келісім туралы Малайзияның премьер-министрі Анвар Ибрахим екі елдің басшыларымен келіссөз өткізгеннен кейін мәлімдеді.

Келіссөзге Камбоджаның премьер-министрі Хун Манет және Таиландтың премьер-министрінің міндетін атқарушы Фумтам Вечаячай қатысты.

Таиланд пен Камбоджа арасындағы шиеленіс туралы не белгілі?

Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралас аймақтың бірнеше учаскесіне, соның ішінде ежелгі ғибадатханалардың айналасындағы аумаққа қатысты қақтығыс біраз жылдан бері жалғасып келеді.

Кезекті шиеленіс 2025 жылы 28 мамырда басталды. Атыс екі жақтың бөлімшелері орналасқан, өзара бейтарап деп танылған аймақта болды. Камбоджа Таиландты келісімді бұзды деп айыптап, бір әскери қызметкері қайтыс болғанын мәлімдеді. Бангкок өз кезегінде жауапкершілікті Пномпеньге жүктеді.

Бұл аймақтағы мұндай ауқымды оқиға бұған дейін 2011 жылы тіркелді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!