- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жантүршігерлік қылмыс
“Тағы келіп зорлап, өлтіріп кетеміз“. Ақтаудағы жантүршігерлік оқиғаның егжей-тегжейі
Ақтауда қаза тапқан жаттықтырушы қыз Алинаның құрбысы Әсел Tengri TV-ға берген сұхбатында жантүршігерлік оқиғаның егжей-тегжейін баяндап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адамшошырлық оқиғаны марқұмның досы Әсел бірінші болып білген. Алинаны болған жайттың бәрін ағасына айтуға көндірген де Әсел. Әсел мен Алина 2021 жылдан бері таныс, қыздар бірге жаттығып, төрт жыл ішінде жақын құрбыларға айналған.
"2024 жылы 12 мамырда Ақтауда жүгіру бойынша Каспий марафоны өтті. Екеуміз марафонға қатыстық, сол күні мен Қостанайға ұшу керек едім, бірақ рейс уақыты өзгеріп, мен оқушыларымның артынан пойызға мініп кетемін. 14 мамырда Қостанайға жетіп, сол күні кешке қайтадан Ақтауға қарай пойызға мінемін. Біз Алинамен негізі қал-жағдай сұрасып, күнде сөйлесіп отырамыз, бірақ дәл сол күні менде байланыс болмады. Ол да маған жазбаған. Жолда байланыс пайда болған кезде оған "Не хабар?" деп жазып жібердім. Ол маған "Көңіл күйім жоқ, болады" деп жауап берді. 15 мамырда Ақтауға жетіп, оған қайтадан жаздым. Ол "Болады" деген жауаппен шектеліп, байланысқа дұрыс шықпады. Әдетте мен жарысқа барып, қайта келгенде күтіп алатын. Бұл жолы ешнәрсе жазбады. Мен "Келдім ғой, не істеп жатырсың?" деп жазып едім, "Бізге сөйлесу керек, үйге келе аласың ба?" деді. Мен ол кезде жаттығу залында едім, сөйтіп 16 мамырда кешке бардым. Үйіне барсам, маска киіп алған. "Келші, сөйлесейікші" деді де маскасын шешті, қарасам беті, ерні, басы, қолдары түгел көкпеңбек болып көгеріп кеткен. "Сен қорқып кетпе, мен саған бәрін айтып беремін, бірақ сенен маған уәде керек, уәде берсең ғана айтып беремін, сөзіңде тұра алмасаң, айтпаймын" деді. Сөйтіп болған жағдайдың бәрін айтып бастады", - деді Әсел.
"Есірткі жасырушы деп ойлап қалған"
Әселдің айтуынша, Алина оқиға болған күні кешке жаттығудан шығып, 10 мың қадам жасау үшін үйіне жаяу қайтқан. Марқұм Алина ешқашан темекі, қорқор шекпеген, алкогольді сусын тұрмақ, энергетикалық сусындарды аузына алмайтын нағыз спортшы болған.
"Ақтауға Алинаның үйіне апаратын жол бар, ол сол жолмен келе жатқан. Жолда төрт немесе бес еркек өтіп бара жатып, оны байқап, ұрып-соғып, көлікке отырғызады. Көлікте "Есірткі жасырушысың ба? Базаң қайда?" деп ұрып бастаған. Басын ұстасаң, түгел түйін болды. Өте қатты ұрып-соққан. Ұрып болғаннан кейін "Қазір бастығымыз келеді, сонымен сөйлесесің" деп айтқан, ал Алина кім келсе де бәрібір екенін, өзі спортшы екенін айтқан. Көліктегі Еркебұлан деген ер адам "Қойшы, сен спортшы емессің, әйтпесе мен танитын едім" деген, Еркебұлан дегеннің өзі спортшы, Ақтауда бәрі таниды, дзюдоға қатысады, оның Алинаны қалай танымай қалғанын білмеймін. Оған қоса ол Алинаның інісімен бірге дзюдоға қатысқан екен, бұл кейінірек тергеу барысында анықталды", - деді Әсел.
"Менімен болмасаң, сыртта тұрған жігіттерге зорлатамыз"
Күдіктілер Алинаны көлікке күштеп отырғызғаннан кейін көлікті ауыстырған, бастықтарымен байланысқа шыққан. Әсел марқұм құрбысының ол кісіні өзіне сипаттап бергенін айтады, оның сөзінше ол 30-40 жас шамасындағы ірі денелі ер адам.
"Олар Алинаны ұрып-соғып қорқытып, артқы жақтан құты тығып жатқан видео көрсеткен. Ал Еркебұлан деген кісі Алинаға жалаңаш еркектердің мүшелерін көрсетіп, "Қазір менімен болмасаң, сыртта тұрған жігіттерге зорлатамыз" деп бопсалаған. Алина болса, "Аға, мен қызбын, маған тиіспей-ақ қойшы, өмірім құртылады, ата-анам бар" деп жалынған. Ал ол "менімен қосылмасаң, бәріміз жабылып, зорлаймыз" деп қорқытқан. Сосын мен "Алина, шыныңды айтшы қан болды ма?" деп сұрадым. Ол қан болғанын айтты, мен оған қыздығынан айырылғанын айтуға қорықтым. Сөйтсек, олардың бәрінің қолында есірткі болыпты, Алинаға мефедрон иіскеткізген. "Әсел, олар нашарқорлар, тіпті бір-бірден де әлім жетпейтін еді" деді. Олар Алинаның көзін байлап, қаланы аралаған. Алина қаланы да дұрыс білмейтін, әдетте ол менімен не інісімен, көлікпен не жаяу жүретін, тек жұмысына барып келетін. Ол тіпті түнгі клубтарға бармайтын, тек спорт пен сабақпен айналысты", - деді ол.
Марқұм Алина бес уақыт намаз оқыған, күдіктілер оны таң намазына дейін қорлап, күн шыққаннан кейін басқа мекенжайға алып кеткен. Ұялы телефоны, сағаты, бәрін тартып алған. Кейінірек олар Алинаға 2 миллион теңге несие алдырады.
"Алина тығылып, айналасын көруге тырысқанда "BigTrans" деген жазуды көрген. Сөйтіп Еркебұлан оны Арбаттағы құрылыс базарына апарып, Алинаны сондағы адамдарға жеңгем деп таныстырып, жеке кәсіпкерлер арқылы "обналичка" жасатқан. Ақшаны алғаннан кейін, Алинаны "Бұл жағдайды біреуге айтатын болсаң, тағы келіп зорлап, өлтіріп кетеміз. Сен туралы барлық ақпаратты біліп алдық. Сен жалғыз емессің, сенен басқа қанша адам тыныш кетті, одан кейін біз де тиіскен жоқпыз" деп қорқытып, ұялмай үй жағынан тастап кетеді. Олардың бәрінің қолында кинодағыдай ұнтақ салынған ақ пакет болған", - деді ол.
"Ата-анам, бауырларымның бетіне қалай қараймын?"
Марқұм бірінші күні құрбысына оқиғаның толық мән-жайын ашып айтпаған көрінеді. Аз сөйлеп, тоқтаусыз жылай берген. Ал бет-аузының көгергені кеткеннен кейін, құрбысынан өзін гинекологқа апаруын сұраған.
"Бұл жағдайды екеумізден басқа ешкім білмеуі керек" деп менен уәдемді алып, бет-аузының көгергені кетсе, тексерілу үшін өзін гинекологка апаруымды өтінді. Содан кейін ешкіммен араласпаймын, тіпті сенімен де, ата-анамның үйіне барып, ешқайда шықпай үйде жатамын" деді. Сол күні таңғы 4-5-ке дейін сөйлестік.
Ертесіне таңертең шаруаларыммен сыртқа шықтым, түстен кейін оның жаттығу залына барып едім, қатты қиналып жатқанын айтты. "Ата-анам, бауырларым, сіңлілерім бар, олардың бетіне қалай қараймын? Бұл жағдайды ешкім естімеуі тиіс, сен маған уәде бердің ғой, ешкімге айтпа" деді. Ал мен "Осы күн менің басыма түссе, сен шыдап жүрер ме едің?" деп оны райынан қайтарып, өзге адамдарға айтуға көндіруге тырыстым", - деді Әсел.
Алина басынан өткен жағдайға қарамастан, жеке жаттығуларын өткізіп жүрген. Алайда жалғыз қалуға қорқып, айналасындағының бәрінен қорқып жүрген.
"Ол жеке жаттығуларын өткізіп жүрді, "Қазір мені алып кете аласың ба?" деп сұрады, мен келістім. Ол кешкі 21.30-да шығатын болды, ол уақытта менің жаттығуым басталып, 23.00-ге таман аяқтап, сені барып алып кетемін, осы залда қал немесе үйіңе бар, сол жақтан алып кетемін" деп айттым. Уәде бергенімдей, Алинаны алып кетіп, өз үйіме апардым. Алинаға білдіртпей, денесі мен бетінің көгергенін видеоға түсіріп алдым. Өйткені Алина кейін бұл туралы біреуге айтамын деп шешсе, оның дәлелдері болмайтын еді. Бірақ Алина оны видеоға түсіргенімді сол күйі білмеді", - деді ол.
"Терезені ашып қарасам, Алина жерде жатыр"
Әсел ұзақ ойланып, жағдайды бұлай қалдыруға болмайтынын түсінгенін айтады. "Қазір тыныш кетсек, олар тағы біреуді зорлайтынына сенімді болдым", - дейді ол.
"Бұл бірінші жағдай емес, сол түндегі ер адамның бірі - Нұргелді бұған дейін қыз зорлап, түрмеге отырып шыққан. Сөйтіп Алинаға оқиғаны отбасы мүшелерінің біріне айтуды ұсынамын, өйткені мен оның досы, бауыры, жанашыры болсам да, мен өмір бақи оның жанында жүрмеймін. "Сен қалай шыдайсың?" дедім. Ол ата-анасының абыройын ойлап тұрғанын, қатты қорқып қалғанын жеткізді. "Қорықпа, соңына дейін жаныңда боламын!" дедім де, үйінде кімге көбірек сенетінін сұрадым. Інісі Бауыржанға айтайық дедім, сөйтіп түскі 14.00 шамасында Бауыржан келеді, мен оған Алинаның зорланғанын айтпай, тек ұрып-соғылғанын, несие алып бергенін айттым. Бауыржан оқиға болған жерлерді аралап, тексеріп келді. Оған ер адамдардың арасында Еркебұлан деген адам болғанын айттым, ол оны іздеуге шығып, "Алинаны алып кет, мен қалғанын өзім шешемін" деп кетіп қалды", - деді Әсел.
Марқұмның інісі Бауыржан күдіктілерді іздеуге шыққаннан кейін Әсел Алинамен бірге туысының үйіне барады.
"Мен апамның үйіне бару керек болдым, Алина менімен бірге барды. Екеуміз 19 шағын ауданға бардық. Бір уақытта Бауыржаннан хат келеді, қарасақ, ол Еркебұланның суретін жіберген, Алина "осы, осы" деп дірілдеп кетті. Алина отбасы, жақындары үшін алаңдады. Ақтау кішкентай қала ғой, ол өзін емес, отбасын ойлады. "Әсел, мен саған сен шыдай алатын ғана ақпаратты айттым, сен қалғанын білмей-ақ қой" деді. Сөйтіп бір уақытта оның дауысы шықпай қалғанын байқадым, аяқкиімін тексердім, қорқып бастадым. Асүйге барып, терезені ашып жерге қарасам, Алина жерде жатыр", - деп көзіне жас алды Әсел.
Еске салайық, 2024 жылы мамырда Алина өзіне-өзі қол жұмсады. Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын қыз жантүршігерлік қылмыстың құрбаны болды. Есірткі тұтынған бейтаныс адамдар оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, зорлап, екі миллион теңге көлемінде несие алуға мәжбүрлеген.
2024 жылғы желтоқсанда зорлықшылар сот алдында жауап берді. Прокурор негізгі айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ал қалғандарын 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда соңында бас фигурант 20 жылға, ал оның төрт сыбайласы 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушінің туыстары мен прокурорлар қылмыскерлер тым жеңіл жаза алды деп есептейді. Маңғыстау облысының прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Ведомство оқиғаға кінәлілерге жазаны қатайтуды талап етіп отыр.
Кейінірек желіде Алинаның ұрланған сәтінің видеосы тарады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә