Тағы қай өңірлер жарықсыз қалғаны белгілі болды

Қазақстанның оңтүстігінде электр қуаты жаппай өшті. Шектеу Шымкент қаласына, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарына да әсер етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 14 тамызда сағат 14:37-де қалада кернеуі 110 киловольт электр желісінде әуе желілері ажыратылған. Осылайша апатқа қарсы автоматика іске қосылған. Электр қуаты өшуіне KEGOC АҚ электр беру желілерінің апат жағдайында ажыратылуы себеп болған. 

Шымкентте Сәуле, Ақжар, Ақтас, Жаңаталап, Тұрлан, Тельман, Коммунизм, сондай-ақ, 17, 18-ші және Отырар шағынаудандарында электр энергиясы ішінара өшірілген. Жарық өшуі 38 760 жеке және 4 790 заңды тұлғаға әсер етті. Қалада уақытша 114,4 мегаватт жүктеме ажыратылды.

Түркістан облысында арнайы автоматты жүктемені ажырату жүйесі іске қосылған. Салдарынан 92,6 мегаватт жүктеме өшірілді.

Жамбыл облысында осы жүйенің әсерінен ажыратылған жүктеме көлемі 142 мегаватт болды. Қызылорда облысында арнайы автоматты жүктемені ажырату жүйесі 31,6 мегаватты өшірді.

Еске салайық, 14 тамызда сағат 15:00 шамасында Алматы қаласы мен Алматы облысында электр қуаты өше бастады. Қаланың түрлі ауданының тұрғындары жарық жоқ екенін хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша KEGOC компаниясына тиесілі кернеуі 500 кВ болатын әуе электр желілерінде апат болған. Алдын ала мәлімет бойынша апат салдарынан жалпы қуаты 300 МВт болатын жүктеме ажыратылған.

Алматы облысында Жамбыл, Балқаш, Есік, Қарасай, Шелек, Райымбек, Ұйғыр, Іле, Кеген және Талғар аудандарында жарық сөнген. Ал Алматыда Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарында жарық сөнгені ресми түрде расталды.

Жетісу облысы, соның ішінде Талдықорған мен Текелі қалалары да жарықсыз қалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!