- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Тағы да ескертемін"....
"Тағы да ескертемін". Тоқаев өңір әкімдеріне халық табысын арттыруды тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне халық табысын арттыруды тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар өңірде халықтың табысы төмен.
"Екінші. Азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту. Кейінгі жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамырда азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес", - деді Президент.
Ол өңір басшыларына ескерту жасады.
Ж. Қадыржанова"Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуы тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ.
Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауы тиіс", - деді Мемлекет басшысы.