Тағы да дизель мен газ дауы. Түркістан облысындағы жүргізушілер тапшылық барын айтты
Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы жанармай бекеттерінде бір айдан бері дизель отыны мен газ жоқ. Әр бекетке телміріп жүргенін айтқан оңтүстік тұрғындары бұл жоқшылық егін маусымында басталғанына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жүк көлігінің жүргізушілері мен шаруалар тапшылық тура көктем мен күз мезгілінде болатынын айтады.
"Жыл сайын көретініміз - осы. Күз бен көктем басталса болды, облыс пен қала бойынша дизель отыны мен газ жоғалады. Бізді ойлап жатқан бір басшы жоқ. Сұйық отын іздеп жүргенімізге бір ай болды. Бұрын әйтеуір әупірімдеп жүріп табатынмыз. Биыл ол да жоқ. Енді бидайды қалай егеміз?" - дейді Мұса Мұқанов.
Жанармай бекеттерін шарлап жүрген тек шаруалар емес. Жүк көлігінің жүргізушілері де сұйық отын болмай жолда қалып қойып жатқандарын айтады. Кейбірі тіпті амалсыздан газ орнына бензин құйып алуға көшкен.
"Амалымыз қалмады. Жанармай бекетінің 3-4-еуіне барып шықтық. Біреуінде жоқ. Кейбір достарым жолда қалып қойып жатыр. Қолымызда талонымыз бар. Бірақ көп жерде талонмен де беріп жатқан жоқ", - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Шухрат Жаңабаев.
Ал аймақтағы жанармай қауымдастығының төрағасы газ бен дизель отыны тапшылығына бір емес бірнеше себеп екенін айтады. Ең біріншісі - Шымкенттегі мұнай зауытының жөндеуге жабылуы. Екіншіден, алыс-жақын шет елден келетін көлеңкелі бизнестің тыйылмауы.
Шымкент қаласы әкімдігі өкілдері зауыт жұмысын бастағанша жұртқа сабыр сақтаудан басқа амал жоқ екенін айтып отыр. Дәл егін маусымы басталғанда жабылған зауыт он бес күннен кейін бір-ақ ашылады екен.
Қайыпбек Қамбаровтың сөзінше, оның кесірінен жылдан жылға шағын орта бизнес тұншығып, тек алып компаниялар жанар-жағармайды иемеденіп жатыр.
"Бай компаниялар ғана байыған үстіне байып жатыр. Олар шағын жанармай бекеттерінің өмір сүруіне мүмкіндік беріп жатқан жоқ. Әрі жауаптылар да оған қол ұшын беруге ниетті емес. Соның кесірінен жарты жылдың өзінде бірнеше жанармай бекеті жабылып, көтерме саудамен айналысатын 100 компания жұмысын тоқтатты", - дейді Түркістан облысы жанармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров.
Еске салайық, елдегі жүк көлік жүргізушілері мен шаруалар былтыр да дизель отынын таппай біраз әбігерге түскен еді. Осы жағдайдан кейін Мемлекет басшысы тапсырма берген болатын. Бірақ жағдай биыл да қайталанып отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова