• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Тағы да төбелес: Ақтауда оқушы ауруханаға түсті

Тағы да төбелес: Ақтауда оқушы ауруханаға түсті
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Ақтауда 15 жастағы оқушыны қатарластары жабылып сабап, денесін көк ала қойдай қылған. Ауыр жарақат алған жасөспірім қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

"Қатар сыныптағы оқушылармен келіспей қалып, №15 үйдің қасында осындай жағдай болған. Бала болған соң жасөспірімдер себебін айтпай отыр. Мектепішілік есепке алдық, психологтармен сөйлестік. 11-шағынауданның инспекторын шақырып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - дейді мектеп директорының міндетін атқарушы Нәзира Ақбержанова.

Оқушылар арасындағы төбелес қаладағы №10 мектепте болған. Қазір сыныптасын ұрған үш жасөспірім жауапқа тартылып, мектеп инспекторының бақылауына алынды.

Директордың сөзінше, таяқ жеген бала бұл білім ошағына жақында ғана ауысып келген. Осы оқиғадан кейін Полиция департаменті оқушылар мен олардың ата-анасын бөлімшеге жеткізді. Қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

"Құқықбұзушылыққа қатысы барлардың ата-аналары немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі қаралады. Материал кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға әзірленіп жатыр. Кінәлілер профилактикалық есепке қойылады", - деді Маңғыстау облыстық ПД өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысының полициясы жоғары сынып оқушылары 6-сынып оқушысын соққыға жыққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Зардап шеккен баламен психолог жұмыс істеп жатыр. Бұл оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. 

Кейін Семейде комиссия мектеп оқушысын жасөспірімдер соққыға жыққан оқиға бойынша шешім шығарды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget