Украинаның Николаев облысында тағы да әуе дабылы жарияланды. Сондай-ақ, ел президенті Владимир Зеленский Түркия басшысымен телефон арқылы сөйлескен. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі жағдайға шолу жасады.
Николаевта тағы да жарылыс болды - БАҚ
Украиналық БАҚ мәліметінше, Николаев облысында және облыс орталығында әуе дабылы жарияланған. Қала тұрғындары жарылыс дыбыстарын естіген. Оқиға зымыран қаупі туралы сигналдан кейін бірден болған.
Зеленский Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті
"Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен достық диалогты жалғастырдым. Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдаудағы берік ұстанымы үшін алғыс білдірдім. Астық туралы және оны ұзартудағы Түркияның бастамасын ерекше атап өттім. Қауіпсіздік саласындағы Украина-Түркия өзара іс-қимылы жоғары бағаланды", - деді Украина мемлекетінің басшысы Twitter-парақшасында.
Германия президенті Украинаға сапарын шегерді
DW мәліметінше, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер қауіпсіздік мақсатында Киевке жоспарланған сапарынан бас тартқан. Штайнмайер 20 қазанда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуі керек еді.
Путин оккупацияланған аймақтарға әскери жағдай енгізді
Ресей президенті Владимир Путин Украинаның оккупацияланған аймақтарында әскери жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.
Украинаның Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, Ресей Федерациясы тарапынан "соғыс жағдайы" деп аталатын хабарландыру Луганск, Донецк облысы, Запорожье және Херсонщина тұрғындарының қарсылығын басуға бағытталған.
Украина электр энергиясына жалпыұлттық шектеулер енгізіп жатыр
Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко ел аумағында 20 қазаннан бастап электр энергиясын жеткізуді шектеу енгізіліп жатқанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Киев орталығындағы аудандардың бірінде бірнеше жарылыс болғаны хабарланған болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!