• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

Тағы бір ұшақ апаты: қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Тағы бір ұшақ апаты: қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Фото: Видео кадры

Вашингтондағы Потомак өзеніне құлаған ұшақ бортында 60 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған. Бұл туралы NBC жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басылым мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп қайғылы жағдайдан хабардар.

Ал Канзас штатының сенаторы Роджер Маршалдың сөзінше, Вичитадан Вашингтонға ұшқан ұшақтың бортында 60-қа жуық жолаушы болған.

"Бұл қайғыны жеңілдететін сөз жоқ. Әлемнен Канзас үшін, құтқарушылар және осы жантүршігерлік апатқа қатысы бар кез келген адам үшін дұға етуді сұраймын", - деп жазды Маршал.

Вашингтон мэрі Мюриел Боузер жұртшылықты оқиға туралы хабардар етуге уәде берді.

Америкалық БАҚ мәліметінше, ұшақ құлаған өзендегі судың температурасы шамамен 35 градус Фаренгейт болған, бұл - шамамен 2 градус Цельсий.

"Мұндай температурада адам 15-30 минуттан кейін есінен танып қалады", - деп жазды NBC.

АҚШ Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, жолаушылар ұшағымен соқтығысқан АҚШ армиясының Black Hawk тікұшағында үш адамнан тұратын экипаж болған.

Армияның жоғары дәрежелі шенділері Вашингтон, Колумбия округіндегі сапарлар үшін Black Hawk-ты жиі пайдаланады. АҚШ армиясы тікұшақтың Вирджиниядағы Форт Белвуардан ұшып кеткенін растады.

Америкалық БАҚ ақпаратына сүйенсек, полиция өзеннен қаза тапқандардың денесін алып шыққан. Сондай-ақ жолаушылар арасында тірі қалғандар болуы мүмкін. Нақты деректер әзірге белгісіз.

Бұған дейін не белгілі?

Еске салайық, бұған дейін АҚШ астанасы Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайының маңында ұшақ тікұшақпен соқтығысып, өзенге құлағаны хабарланды.

Оқиға маңында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, тікұшақтар мен қайықтар жұмылдырылған.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова