- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұшақ апаты
Тағы бір ұшақ апаты: бортта балалар бар әуе кемесі жанып кетті
Бразилияда әуе апаты болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі SHOT-қа сілтеме жасап.
Бразилиядағы Cessna Aircraft бизнес-джет ұшағы Убатуба қаласындағы Гастон-Мадейра әуежайындағы ұшу-қону жолағының шегінен шығып кеткен. Сөйтіп қалалық жағажайға дейін жетіп, жергілікті скейт-парктің жанында жарылды.
Бортта бес адам болған. Әуе кемесінің ұшқышы қаза тапты. Ал қалған жолаушыларды жергілікті тұрғындар құтқарып үлгерді. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар, куәгерлер оларды ұшақ бөліктерінің астынан шығарып алды. Сондай-ақ апат салдарынан жараланғандардың арасында жағажайда демалушы адамдар бар.
Алдын ала мәліметтер бойынша, әуе апатының себебі - ауа райының қолайсыздығы.
Айта кетейік, кейінгі кездері әлемде әуе апаттары жиілеп кетті. Мәселен, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады.
28 желтоқсанда Канада мен Норвегияда екі әуе оқиғасы болды.
Олардың бірі Галифакс қаласында (Канада) болған. CBC мәліметінше, қала әуежайы 28 желтоқсанда кешке Сент-Джонстан келген ұшақ қону кезінде қиындықтарға тап болғаннан кейін уақытша жабылған. Ұшақ ұшу-қону жолағынан сырғанап, бір бөлігі өртеніп кеткен.
Тағы бір оқиға Осло әуежайында (Норвегия) болды. Бұл туралы NL Тimes жазды.
Ослодан Амстердамға бара жатқан KLM әуе компаниясының Boeing 737 ұшағы ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай техникалық ақауларға байланысты Норвегияның оңтүстігіне шұғыл қонды.
29 желтоқсанда Бангкоктан Оңтүстік Кореяның Муан қаласына ұшып бара жатқан Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы Муан әуежайына қону кезінде апатқа ұшырады.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә