Ақтөбеде Алматы ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел мен кәмелетке толмаған үш бала өлі табылды. Ақтөбе облысы әкімдігі өкілі мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдын ала мәліметке сәйкес қайғылы оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан уланудан болуы мүмкін.
"Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасап, тексеріс жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір құзырлы органдар тарапынан тергеу басталған.
Жергілікті атқарушы органдар жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіп, сондай-ақ, материалдық және әлеуметтік қолдау берілетінін мәлімдеді.
Өңірдің Полиция департаменті мәліметінше, марқұм 1993 жылы туған.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында әйел екі баласын жоғары қабаттан лақтырып жібергені хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!