- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тағы бір сенсация!...
Тағы бір сенсация! Қазақстан құрамасы Словакияны екінші рет жеңді
Футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында Словакияны жеңіп, тағы бір сенсация жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бір апта бұрын құрамалар Трнавада кездесіп, сонда қазақстандықтар 1:0 есебімен жеңген еді. Содан кейін "Астана Аренаға" словакиялықтар жаңа бас бапкермен келген.
Елордадағы кездесу қазақстандықтар үшін сәтті басталды. Алаң иелері үзіліске дейін екі гол тоғытып тастады. 18-минутта оң қапталдан асырылған пасты Ян Вороговский қақпада тулатты. Ал 39-минутта Елхан Астанов баспен дәл соққы жасап, есепті еселеді.
Үзілістен кейін словакиялықтар есеп айырмасын қысқарта алды. 51-минутта Матуш Беро айып алаңына енер тұста жақын бұрышты дәл көздеді. Дегенмен Қазақстан футболшылары матч соңына дейін жеңіс есебін сақтап қала алды. Ал ойын соңына қарай Ондрей Дуда дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылды. Қорытынды есеп - 2:1.
Осылайша, Қазақстан құрамасы C дивизионының 3-тобында көш басындағы орнын сақтап қалды. Команда төрт кездесуден соң 10 ұпай жинады. Екінші орындағы Словакиядан төрт ұпайға озып тұр.
Енді Қазақстан құрамасына топта бірінші орын алуы үшін екі ұпай жеткілікті.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасы аясында бұған дейін үш матч өткізген. Алдымен Әзербайжанды, кейін қонақта Словакияны жеңіп, сенсация жасаған болатын. Кейінгі кездесуде қазақстандықтар Сербияда Беларусь құрамасымен тең тарқасқан еді.
Т. Есқали